Қазақстан сұйытылған газ экспортына тыйым салуды тағы жарты жылға ұзартады
Қазақстанның ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылғы мамырда Энергетика министрлігі оны алты ай мерзімге автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге тыйым салуды енгізді. Қараша айынан бастап бұл шараны тағы алты айға ұзарту жоспарлануда. Бұйрықтың тиісті жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша тыйым салудан бірнеше жағдайларда: өнімді бөлу туралы келісімдер шеңберінде экспортты жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар үшін; халықаралық шарттар бойынша Қарашығанақ кен орнында қазақстандық шикізаттан өндірілген өнім үшін; сондай-ақ Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдар үшін ерекшеліктер жасалатын болады.
Егер бұйрықтың жобасы бекітілсе, сұйытылған газ экспортына жаңа тыйым 2024 жылдың 14 қарашасында күшіне енеді.